Официальный интернет-ресурс Комитета лесного хозяйства и животного мира Министерства сельского хозяйства Республики Казахстан

Канцелярии Комитета
+7(7172) 74 99 42

Фотогалерея

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты


ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы Комитетінін «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі ҚР Үкіметінің 14 ақпан 2007 жылғы № 109 Қаулысымен құрылған.
«Торғай мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 29.11.1967 ж. № 808 қаулысымен ұйымдастырылған.
Табиғи резерват әкімшілігі орналасқан Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында 2011 жылы 327,1 млн. теңге қаржыға жаңа кешенді ғимараты, «Айырмола» учаскесінен инспекторлардың «кардон» үйі салынған. Табиғи кешенді қорғау қызметі үшін күзет автокөліктер, байланыс құралдары, қару-жарақтар, нысанды киім үлгілері, ғылыми қызмет үшін қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Мекемеде штаттық кестеге сәйкес 99, штаттан тыс 19, барлығы 118 адам жұмыс жасайды.  
ЕҚТА-тар көлемі жағынан Қазақстан Республикасында, тіпті дүние жүзінде ауқымдылығымен ерекшеленеді. Табиғи резерваттың жер көлемі – 763549 га, кеңейту мақсатында резервте қалдырылған жер телімі – 409 962 га, Торғай мемлекеттік табиғи  зоологиялық  қаумалдың жер көлемі – 296 000 га, резерваттың қорғау аймағы – 173 425 га, барлығы – 164 3480 га. Ол Қазақстанның төрт бірдей Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Қызылорда облыстарының шалғай шекараларында орналасқан.
ЕҚТА-тар өндіріс ошақтарынан, автокөлік дәліздері  мен теміржол желілерінен, елді мекендерден тысқары жатқан, адамдардың шаруашылық қызмет әсеріне көп ұшырамаған, жануарларлар мен өсімдіктер дүниесінің еркін, табиғи жағдайда өсіп өнуіне қолайлы, биологиялық алуантүрлілік сақталған, шөлді және жартылай шөлейт аймақтағы далалық экожүйе болып табылады.
Аталған аумақ - Мұғалжар тауы мен Ұлытау аралығындағы орасан зор 200 мыңнан астам км2 территорияның миллиардтаған текше метр еріген қар суын жинайтын Ырғыз (500 км), Торғай (950 км), Өлкейік (270 км) өзендері бойындағы көлдер жүйесі және «Шалқар теңіз» алабы қалыптастырған дүниежүзілік маңызды сулы батпақты өлкесімен айшықталады.
1976 жылы Қазақстандағы екі дүниежүзілік маңызы бар сулы батпақты өлкенің бірі болып Ырғыз-Торғай көлдер жүйесі Рамсар Конвенциясы, 8 көл Республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар тізіміне енгізілген.
Жылына 2-3 млн құс шығыс Сібірге, батыс Европаға, оңтүстік өлкелерге, Индия мен Пәкстанға осы өлке арқылы ұшып өтеді, уақытша аялдайды. ЕҚТА-ында құстардың 250 түрі, оның ішінде Қызыл Кітапқа енген 32 түрі кездеседі. Бұйра және қызғылт бірқазандар, сыбырлақ және сұңқылдақ аққулар, қоқиқаз, жалбағай, ақбас үйрек, реликті шағалалар көлдердің сәні болса, дуадақ, безгелдек, қарабауыр бұлдырықтар даланың сәні. Қызыл кітапқа енген далалық жыртқыш құстардың барлық түрін осы жерден кездестіруге болады.
Сүтқоректілердің 42 түрі тіршілік етеді. Олардың бейімделген: киік, қабан, суыр, жыртқыш тобынан; қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, омыртқалылардан  көп тараған кеміргіштер: дала суыр – байбақ, сарышұнақ, үлкен сарышұнақ, кіші сарышұнақ, дала  тышқаны, сонымен қатар құлақты  кірпі, қосаяқтылар, ор қоян кездеседі. Оның 2-і (Бобринский жарқанаты, Шағыл мысығы)  ҚР Қызыл кітабына енген.
Бауырымен жорғалаушылардың - 14 түрі, қосмекенділердің - 4 түрі, балықтардың - 8 түрі  кездеседі.
Қазақстанда өткен ғасырдың 70-80 жылдары 1,1-1,2 млн. (кейбір деректерде 1,5-2,0 млн.), 90 жылдары 600-800 мың болған киіктер саны күрт азайып, 2003 жылы  21,2 мыңы (Бетпақдала таралымында 1,8 мыңы) ғана қалған. «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» РММ-і ашылғаннан бері 7-8 жылдың ішінде Бетпақдала таралымындағы киіктер саны 22,0 мыңнан 216,0 мыңға, яғни 10 есеге өсті. 2015 жылғы көктемгі төлдеу кезіндегі ЕҚТА-да барлығы 8359 дарақ негізінен аналық киіктер өліп, шығын болды. Қазіргі таңда резерват және оған көршілес аумақтарда 7-10 мың киік табыны күйекке түсіп, қыстауда. Соңғы уақытта киіктерге қаскөйлік (браконьерлік) әрекеттердің өршіп кетуіне байланысты басқа құқық және табиғат қорғау органдарымен бірлескен қорғау-күзету жұмыстары күшейтілуде. 2015 жылдың өзінде  48 әкімшілік іс, заңсыз аң аулау фактісі бойынша 5 қылмыстық іс қаралған. Сот үкімімен браконьерлерден заңсыз аң аулау фактісі бойынша табиғи ортаға келген 37 856 200 теңге зиянның (иск),  31 603 400 теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді, браконьерлерден 3 (үш) ДЖИП автокөліктері және 3 (үш) қару тәркіленген.
Өткен жылдың қараш айынан бастап күні бүгінге дейін резерват және оған шекаралас аумақтарда 8 (сегіз) заңсыз киік ату оқиғасы тіркелді.
ЕҚТА-ында негізінен өсімдіктердің 402 түрі, емдік қасиетке ие 27 түрі кездеседі. Ең көп кездесетіндері: күрделігүлділер (69 түр) мен алабұталар (41 түр), астық  тұқымдастары (24 түр)  және қияқөлеңдер тұқымдастары ( 20 түр). Өсімдіктердің 4- еуі эндемик (Торғай климокаптерасы, жусан, бұтақты бұйырғын және сүттіген). 1-і (Леман қызғалдағы)  ҚР Қызыл кітабына енген. Тораңғы – реликті түр, орта өзгерісінің көрсеткіші болатын 4 түр (Үшкір жемісті жейде, орта тобылғы, ақ сексеуіл және сортаң бұйырғын) индикаторлық түрлер ретінде таңдалған.
Қазіргі ЕҚТА-ы ықылым заманнан адамдар мен түз тағыларының мекендеу жерұйығы болған.
Ежелгі дәуірде б.з.д. 484-425 жылдары өмір сүрген грек жиҺанкезі, хәм тарихшысы Геродоттың әйгілі жазбаларында  парсы патшасы Дарий Гистасптың сақтарға қарсы жорығы (4-кітап) баяндалған, «Гиргис» (Ырғыз) өзені туралы да жазба деректер қалдырған. Геродоттың осы өлкені мекен еткен сақтар, сарматтар т.б. халықтар жөнінде жазғандары археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелденген. Қостанай облысымен шектесетін төбедегі (156 м) «Қарсақбасы» қорымындағы зираттағы мәйітті жерлеу рәсімі, одан табылған жәдігерлерге жүргізілген зерттеулер мен талдаулар б.з.д. Y1 ғасырдың аяғы Y ғасырдың басында осы аумақта өмір сүрген тайпалардың этникалық-мәдени үрдістерінен хабар береді
Ырғыз өзенінің Шетырғыз саласы бойынан мүйізтұмсықтың және гиппарионның (жылқының арғы тегі) тістері мен сүйек қаңқалары табылған.
1913 жылы «Шалқар теңіз» алабының солтүстік жағалауынан «Шалқарнұра» үстіртінің етегінен әлемде теңдесі жоқ  өсімдікпен қоректенетін сүтқоректілердің алыбы мүйізтұмсық тұқымдасына жататын, биіктігі 7, ұзындығы 8 метрге жететін «индрикотерий» атауы берілген алып хайуанның бірнеше дарағының сүйек қаңқалары табылған. Қазір қаңқа Москвадағы Ғылым Академиясының Палентологиялық мұражайында сақтаулы.
«Шалқар теңіз» алабы жағалауларынан табылған ұлу бақалшақтарының, акула тісінің, басқада климаты жайлы олигоцен дәуірінде өмір сүрген ежелгі теңіз жәндіктерінің тасқа айналған гипстік қалдықтары, өсімдік жапырақтары таңбасы  түскен тастар, тасқа айнала бастаған өсімдіктер т.б. құнды жәдігерлер резерват мұражайында жинақталған.
Әйгілі ақсақ Темірдің шежірешісі Гиясиддин: Әмірдің Ырғыз бойынан 100 мың әскерімен аң аулап, «ақ қырғын» жасап, қажыған ауыр қолды қызылға жарытып тастағанын айтады.
Шалқар теңіздің оңтүстігіндегі жер астындағы су өткізбейтін қатты қабаттар арсынан күшті қысыммен жер бетіне шығып жатқан бірнеше артезиан ұңғыларының сулары Ақсұлумола, Ыстық атпа, Жар атпа, Жылы атпа, Сарбұлақ, Айырмола т.б. жасанды су қоймалар алабын құрайды. Оның ішінде жер астынан ыстық күйінде (термиальды -35,-450С )  шығып жатқан, өнімділігі 7 л/сек,  құрамында адам ағзасына шипа хлор, калий, натрий, темір, родон және т.б. элементтері бар минеральды қайнарлар кездеседі.
ЕҚТА-ында кез-келген туристке ұялмай көрсететін көрнекі жерлер, тарихи, табиғи ескерткіштер жетерлік. Табиғаты көркем Байтақкөл, Іріңдікөл Ұзынкөл көлдер жүйесін қамтитын «Малайдар көлдер жүйесіне» экотуристік маршрутының төлқұжаты бекітілген. Мекеме ғимаратында орналасқан «табиғат мұражайы» мен «келу орталығы» резерватқа келушілер мен қонақтарға табиғи резерват жайында толыққанды ақпарат береді.
ЕҚТА-ында Дүйсенбі ахун, Исатай мешіттері, Жапақ, Назар тамдары, Қарсақбасы қорымдары, ескі обалар, патшалық Ресей кезінде Өлкейік өзені үстінен салынған тақта көпір сияқты архитектуралық тарихи ескерткіштер сақталған.


Возврат к списку